150 826 маңғыстаулық оқушыға «соңғы қоңырау» онлайн соғылады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.
Биыл 6365 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 5931-і күндізгі мектептің, 434-і кешкі мектептің түлектері.
Пандемия жағдайына байланысты биыл 9 және 11-сынып бітіруші түлектеріне арналған қорытынды аттестаттау өткізілмейді. Мектеп бітіргендігі туралы аттестаттарға 4 тоқсанның жылдық бағалары қойылады.
11-сыныпта 206 оқушы «Алтын белгіге», 326 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарындағы «Біргеміз: ТҮЛЕК-2020» тақырыбындағы мектеп бітіру іс-шарасының тұжырымдамасына сәйкес:
22 мамыр сағат 11.00-де - «Балапан», «Еларна» телеарналарында 11-сынып түлектеріне кәсіптік бағдар беру туралы бірыңғай телесабақ;
25 мамыр сағат 11. 00-де - телеарналарда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің құттықтауы көрсетіледі;
«Сәт сапар, жас түлек!», «Ұстаздарға мың алғыс», «Мектеп-білім ордасы», «Көңілді жазғы демалыс» (үздік мұғалімдер туралы, оқушылардың жетістіктері туралы, өңірдегі ең үздік білім беру жобалары туралы және т.б.) сынды білім мәселелеріне арналған сюжеттік желі ұйымдастырылады;
25 мамыр күні 1-10 сыныптарға соңғы қоңырауғаарналған онлайн-сынып сағаты өткізіледі. Оған қамқоршылық кеңестердің мүшелерін, аймақтың танымал тұлғаларын, еліміздің және әлемнің үздік университеттерінде білім алып жатқан жетістікке жеткен мектеп түлектерін, бизнес өкілдерін және мемлекеттік қызметшілерді қонақ ретінде шақырылады.
Мектеп бітіру шаралары әр сыныпта бөлек, мектеп алаңында, ашық ауада өткізіледі;
Түлектер іс-шараға мектеп формасымен қатысады;
Мектеп әкімшілігі мектеп бітіру кештерін өткізу күндері тәртіп бұзушылыққа жол бермеу шараларын қабылдайтын болады.
Пікір қалдыру